Кеше Қазақстан Республикасы Антитеррор орталығы Алматы қаласы аумағында шекті (қызыл) террористік қауіптілік деңгейінің енгізілгендігі жөнінде хабардар етті.
Бұған белгісіз біреудің Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚК департаменті ғимараттарына шабуыл жасауы негіз болған. Бұл шешімді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» Жарлығы талаптарына сәйкес қабылдаған, деп хабарлады Антитеррор орталығының баспасөз қызметі.
Қылмыскерлер қолға түсті
Кеше, яғни 18 шілде күні таңертеңгі сағат 11 шамасында Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Алмалы аудандық басқармасына белгісіз біреу кірмекші болады. Бірақ, бекетте тұрған полиция қызметкері оның жолын бөгейді. Осы кезде ішке енбекші болған қылмыскер бекетте тұрған полиция қызметкерін атып жарақаттаған. Содан соң ол ішкі істер қызметкерінің қаруын иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Іле оның артынан «Боран» патрульдік тобы ілеседі. Бірақ қылмыскер өзінің ізіне түскен «Боран» патрульдік тобына өзі бекетте жарақаттаған ішкі істер қызметкерінің қаруынан оқ жаудырады. Осының салдарынан екі қызметкер жараланды. Артынша қарулы қақтығыс кезінде қылмыскер де жараланып, «Қазақконцерт» акционерлік қоғамының маңында қолға түсті. Оны құрықтау барысында тағы 2 полиция қызметкері жарақат алды.
Қазіргі таңда қылмыскердің кім екендігі анықталды.
Өкінішке орай, ол ұсталардан бұрын бір қала тұрғынының жеңіл автокөлігін тартып алмақ болған. Соның нәтижесінде жүргізуші жараланып, қаза тапты. Сонымен қатар, жарақат салдарынан үш полиция қызметкері де көз жұмды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бұрын сотталған 27 жастағы Қызылорда облысы тұрғынының өткен аптадағы әйел адамның өліміне де қатысы бар күдікті екені анықталып отыр. Алматы қаласында «Сирена» жедел жоспары құрылып, барлық полиция қызметкерлері ұсталған қылмыскердің сыбайласын іздеуді жалғастыра берді. Соның нәтижесінде Алматы қаласының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына кіргісі келген қылмыскердің қасында болған сыбайласы да анықталып, көп ұзамай қолға түсті. Енді оның да осындай құқық бұзушылық әрекеттері тексеріліп жатыр. Ал бекетте тұрған полиция қызметкерінің ұрланған қаруы «Қазақконцерт» АҚ маңында қылмыскерді ұстау барысында табылды. Қазіргі таңда қаладағы жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының жіті бақылауында тұр. Ал Алматы қаласының түрлі аумағында атыс болды деген қауесет шындыққа сәйкеспейді, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Ал кешке қарай еліміздің Антитеррор орталығы Алматы қаласы аумағында күні бойы жүргізілген арнайы операциялардың аяқталғандығын жариялады. Осыған орай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шешімімен Алматы қаласы мен қала аумағындағы террористік қауіптілік жағдайы «қызыл» деңгейден, «сары» деңгейге ауыстырылғандығы ресми түрде мәлімделді.